Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Тойбаев Әлихан Әбдіханұлының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеге
Новость еще не комментировали

Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Тойбаев Әлихан Әбдіханұлының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген

СӨЗІ

Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар!
Қадірменді қонақтар!

2011 жыл – қазіргі Қазақстан тарихындағы ерекше белес болып саналады. Биылғы жылдың 16 желтоқсанында біздің еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Бұл тарихи оқиғаны мерекелеу Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен жалпыхалықтық іс деп жарияланды, ол «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» ұранымен өтуде.

Егемен еліміздің бүгінгі жарқын жолы жиырма жыл бұрын белгісіздік белең алған бұлыңғыр күндерден бастау алды. Тарихи тұрғыдан қарағанда күрмеуге келмейтін қысқа мерзім ішінде Қазақстан дамыған, нарықтық экономикасы, орнықты саяси жүйесі бар, өз азаматтарының әлеуметтік қорғалуын жақсы жолға қоя алған осы заманғы мемлекет ретінде қалыптасты.

«Қазақстандық даму жолы» деп аталған табысты саяси-экономикалық өзгерістердің бұл оң сипаты, бірінші кезекте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың терең байыпты, сарабдал саясатының, оның айырықша саяси дарыны мен стратегиялық көрегендігінің арқасында мүмкін болғаны баршаға мәлім.

Елбасы атап көрсеткендей, Қазақстанның ең басты байлығы да, игілігі де – оның тәуелсіздігі. Еркін өмір сүру құқығына қазақ халқы көп ғасырлар бойы азаттық күрес барысында көп қиындық көріп, қан мен тер төгіп, қол жеткізді. Сондықтан біздің мемлекетіміз үшін тәуелсіздіктің іргетасын нығайтудан асқан саяси басымдық жоқ.

Осы мақсатқа жету жолында Қазақстанға кез болған күрделі мәселелер аз болған жоқ. Алда өтпелі кезең талаптарына сай келетін тиімді сатылас басқару жүйесін құру, экономикада түбегейлі реформалар жүргізу, инфляцияны ауыздықтау, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру, мемлекеттік басқару жүйесін оның ішінде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру міндеті тұрды.

Осындай елең-алаң жағдайда бітімі бөлек қайраткерге ғана тән қайсарлық пен батылдықтың, саяси ерік –жігер мен өршілдіктің үлгісін көрсеткен Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.
Қадірлі ағайын!

Президентіміздің стратегиялық бағыт-бағдарын ілгерілете отырып, республикамыз егемен мемлекеттілік құрылысының барлық міндеттерін бірте-бірте жүзеге асырды. 1992 жылы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының елдері Қазақстанды халықаралық тұрғыда таныды. Бұрынғы кеңестік республикалар шегінде шекаралардың бұлжымастығын тану туралы 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Алматы декларациясымен еліміздің аумақтық тұтастығы бекітілді. Кейінірек Қытай Халық Республикасымен шекаралық мәселелердегі өзекті проблемаларды шешу жұмыстары қолға алынып, Қырғызстанмен, Ресеймен, Өзбекстанмен және Тәжікістанмен арадаға мемлекеттік шекараларды нақты белгілеу жұмыстары жүзеге асырылды.

Еліміздің сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі табыстарға қол жеткізілді. Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азиядағы көрші елдермен көптарапты және екіжақты келісімдер жасалды. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу және қуаты жағынан әлемде төртінші орын алатын атом қаруы арсеналдары мен оларды жеткізу құралдарынан өз еркімен бас тарту туралы тарихи шешімі әлем тарихында теңдесі жоқ оқиға болды.

Экономикада да сапалық тұрғыда құрылымдық өзгерістер жасалды. 1993 жылдың қарашасында өз валютамыз-теңгенің енгізілуі аса маңызды оқиға болды, бұл егемен ақша жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Мемлекет өзінің келісім-шарттық міндеттемелерінің берік сақталғандығына кепілдік бере отырып, тартымды инвестициялық ахуал жасау жөнінде белсенді саясат жүргізді. Нәтижесінде, реформалардың алғашқы жылдарында-ақ шетелдік инвестициялар ағыны миллиардтаған долларға жетті, өнеркәсіпке ең жаңа технологиялар мен осы заманғы өндірістік-басқару тәжірибесі келді.

Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар!

Қоғамдық-саяси салада да орасан зор өзгерістер болып жатты. Елде көппартиялық белсенді түрде дамыды, демократиялық құқықтар мен бостандықтар заңнамамен бекемделді, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары пайда болды, азаматтық қоғам орныға бастады.

Қайта құрудың табысты болуына этносаралық және дінаралық бейбітшілік пен келісімді нығайтуда мемлекет жүргізіп отырған саясат үлкен рөл атқарды. Ұлт пен ұлыстар өкілдерінің ынтымағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстарды болдырмауға қол жеткізіп қана қоймай, қоғамның алуан этностық және поликонфессиялық сипатын өзінің мәдени баюы мен ілгерілеуінің оң факторына айналдыра білді. Мемлекет басшысының бастамасымен 1995 жылы құрылған әлемдік практикада бірегей орган-Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл үрдіске қомақты үлес қосты.

Тәуелсіздік жылдары естен кетпес айтулы оқиға ол Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануы болды. Қазақстан Рсепубликасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда толықтырылып, қайта қабылданды. Жаңа Конституция халықтың ой-пікірінің, олардың мүддесінің заңдылық көрінісі болды. Сөйтіп, Қазақстан халқы Елбасымен бірге бүкіл халық болып негізгі заңды жасады.

Елорданы Астанаға көшіру ел өмірінде өзекті оқиғаға айналды. Мерзімі мен ауқымы жөнінен бұрын –соңды болмаған құрылысты небәрі он жыл ішінде жүзеге асыра отырып, Қазақстан Сарыарқа төсінде бүкіл еуразиялық кеңістіктің саяси, экономикалық және мәдени орталығына айналған өзінің жаңа астанасын салды. Астана халықаралық күн тәртібінің ең күрделі мәселелерін талқылайтын, барша жұрт мойындаған үнқатысу алаңына айналды. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт съезі болып өтті. Астана ықпалды өңірлік ұйымдардың – Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының, ТМД-ның, Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиттерін қабылдады.

Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау моделіне көшкен алғашқы елдердің бірі болды. 1997 жылы ел Президенті мемлекеттің таяудағы отыз жылдағы дамуының ұзақ мерзімді басым бағыттарын айқындап берген «Қазақстан -2030» бағдарламасын қабылдады.

Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар!

2000 жылдан бастап ел жаңа кезеңге аяқ басты. Елге шетел инвестициясының ағылуы қайта жанданды, өнеркәсіп өндірісі жедел қарқынмен ұлғайды. 2008-2009 жылдары әлемдік дағдарысқа алып келген экономикалық дабыра өрлеу кезінде Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімінің қарқыны 8-10 пайызды құрады.

Президенттің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында, «НұрОтан» партиясының 13 съезінде сөйлеген сөзінде және ұлықтау рәсіміндегі айтқан сөзінде біздің азаматтарымыздың әл-ауқатын одан әрі жақсарту жөнінде міндеттер қойды. Жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты мен міндеті қазақстандықтардың өмір сүруінің жоғарғы деңгейін, олардың денсаулығын, қолайлы тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Ол үшін берік негіз жасалды.

Үстіміздегі жылы Қазақстан беделді әрі ықпалды мемлекет ретінде халықаралық тұрғыдан танылған абыройы арта түсті. Еліміз Шанхай Ынтымақтастық ұйымындағы бір жылдық төрағалық қызметін табысты жүзеге асырса, 1 шілдеден бастап Ислам конференциясы ұйымындағы төрағалығына кірісті.

Тұтастай алғанда, барша қазақстандықтардың жаңа, тәуелсіз, қуатты әрі өркендеген мемлекет құруға бағытталған 20 жылдық жасампаз еңбегі Елбасы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз тұрақтылықтан жаңғырту арқылы өркендеуге жетелейтін даму мен табысқа жетудің ерекше, дұрыс формуласын таптық», деген сөздерінің әділеттілігін толығымен дәлелдейді.

Сондықтан сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлау біздің халқымыздың осы бағытты- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі бастап, жүргізіп келе жатқан бағытты жалғастыруға деген шын ниетін растап берді.

Қазақстанның 20 жылдығы тұсында, оқиғаның ерекше маңыздылығын түсіне отырып, Парламенттің Тәуелсіздіктің 20 жылдық декларациясын қабылдауын орынды деп санаймын. Жаңа декларация әрбір азаматқа біздің еліміздің, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің басшылығымен 20 жыл ішіндегі жетістіктерінің ауқымын түсінуге мүмкіндік береді. Тәуелсіздіктің Жиырма жылдық декларациясы жаңа биіктерге шығу үшін жарқын жеңістерге жету үшін берік негіз қалайды.

Қадірлі ағайын!

Мен, бүгін Сіздерге тұтастай ел болып, Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерге шолу жасап, өткен жолымызды қысқаша баяндадым. Әрине, айтылмаған табыстарымыз өте көп.

Бүгінгі салтанатты жиында мен жыл бойы атқарған жұмысым туралы Сіздердің алдыларыңызда есеп беруім қажет. Олай болса, қысқаша ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

Еңбекшіқазақ ауданы еліміздегі ірі ауыл шаруашылық аудандарының бірі болып саналады. Ауданда бүгінгі таңда 270 мыңнан астам халық тұрады.

Аудан экономикасы жыл санап қарышты дамып келеді. 2008 жылы ауданның бюджет көлемі 4 млрд. 54 млн теңгені құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 7 млрд. 476 млн. теңгені құрап, 3,7 есеге өсіп отыр.

Осы аралықта бюджеттің шығыс бөлігі де 2,5 есеге өсіп, 2011 жылы 10 млрд. 994 млн. теңгеге жетті.

Көрсетілген мерзімде ауданда агроөнеркәсіп саласында республикалық маңызы бар соммасы 1 млрд. 200 млн. теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтатын болсақ, «Айдарбаев» шаруа қожалығының 250 бас малға арналған мегафермасы, тәулігіне 600 тонна томат өндіретін «Есік жеміс косервісі зауыты», бекіре балығын өндіретін «Шелек тоған шаруашылығы» іске қосылды.

Жылыжай салуды дамыту бағдарламасы бойынша ауданымызда жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып келеді. Қазіргі таңда ауданда 150-ден астам жылыжай өз жұмысын атқаруда. Егерде 2008 жылы тамшылата суғару әдісі тек 15 гектар жерде қолданылса, бүгінгі күні ол 1060 гектарға жетіп отыр.

Соңғы төрт жылда өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 16,4 млрд теңгеден 18 млрд теңгеге дейін көтерілген. 25 өнеркәсіп орындары іске қосылып, 700 ден астам жұмыс орындары ашылды.

Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы шеңберінде «Индустриальная Нефтяная Компания-Т» жауапкершілігі шектеулі серктестік Түрген ауылында жылына 1 млрд. теңгенің электродын, пенопласт, қоспа қабырға шығаратын жобаны іске қосып, нәтижесінде жаңа 100 жұмыс орны ашылды.

«НК СПК «Жетісу» Акционерлік қоғамымен бірлескен «Алтомед» жауапкершілігі шектеулі серктестігі Қырбалтабай ауылында жылына 16 млн. данаға жететін бір реттік қан құю системасын шағаратын зауыт салған болатын.
Сондай-ақ, Қырбалтабай селолық округінде 40 гектар жерге жобалық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын құс фабрикасының құрылысы жүргізіліп жатса, бүгінгі таңда аудан көлемінде Масақ селолық округіне таяу жерде 150 мегаватқа дейін электр қуатын өндіретін 2 жел электр станциясының құрылысы, Рахат селолық округінде «Сафьян» аяқ киім шығаратын фабриканың құрылысы жобалануда. Аталған нысандарды іске қосудың нәтижесінде жаңадан 200 жұмыс орны ашылып, 15 млрд. теңгенің инвестициясы тартылады деп күтілуде.

Құрметті аудан тұрғындары!

Соңғы төрт жыл ішінде ауданға 170 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның көлемі 4,7 млрд. теңгеден 2011 жылы 60 млрд. теңге болып, 13 есе өсті.

Аудан аумағында Қазақстан–Қытай газ магистралды құбырының, Қорғас-Жетіген теміржол тармағының 1-2 кезегінің құрылыстары бойынша халықаралық маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылды.

Жол жөндеу саласында да айтарлықтай табыстарымыз бар. Аудан көлемінде ұзындығы 157,7 шақырымды құрайтын «Алматы-Қорғас» автожолының құрылысын бастауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оған 79,2 млрд. теңге инвестиция жұмсалса, жалпы осы жобаға 276,1 млрд. теңге инвестиция тартылатын болады.

Шағын және орта бизнесте қызмет етіп жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қамқорлықтың арқасында жыл санап олардың саны көбейіп келеді. Шағын бизнес субъектілері 15 мың бірліктен бүгінгі күні 16,2 мың бірлікке жетіп отыр. Шағын бизнес саласы бойынша өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 2008 жылдың басындағы 20,1 млрд. теңгеден 27,5 млрд. теңгеге жетті, яғни 1,4 есеге өсті деген сөз.

Бюджетке төленетін төлемдер 466,7 млн. теңгеден 920 млн. теңгеге жетіп, 2 есеге жуық артты.

Бөлшек тауар айналымы 4,4 есе ұлғайып, 13,5 млрд. теңгені құрады. Ал 2008 жылдың басында бұл көрсеткіш 3,1 млрд. теңгеге тең болатын.

2008-2011 жылдары ауданда 115 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Есік қаласында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 25 қабатты 40 пәтерлік тұрғын үй салынды. Оның жалпы көлемі 3000 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ Есік қаласы мен Шелек селосында жалға берілетін 23 коммуналдық үй салынды. Сатай, Азат, Ават ауылдарында 56 гектарға тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін инженерлік коммуникация желілері тартылды.

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бұрынғы орталық аурухананың бірнеше ғимаратын 58 пәтерге арналып, қайта жасалатын болады.

Төрт жыл ішінде ауданда 2860 орынға арналған 21 бала-бақша 1525 бала үшін 61 шағын орталық ашылды. Балаларды мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамту 2008 жылдың басындағы 2,5 % орнына 30 % – ға артты.

2008-2011 жылдары әлеуметтік сала бойынша 7 жаңа нысан тұрғызылды. Олардың қатарында 600 балаға арналған Райымбек орта мектебі, Рахат ауылындағы 300 балаға арналған мектеп, Есік қаласындағы көзі нашар көретін балаларға арналған 250 орындық мектеп-интернат, тәулігіне 500 адам қабылдайтын емханасы бар 250 төсектік аудандық аурухана, Шелек селосындағы аудандық санитарлық эпидемиялық сараптау станциясы филиалының ғимараты, Қаракемер және Бижанов ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар бар.

Ақши ауылындағы орта мектептің құрылысын аяқтауға, Қаракемер ауылындағы 600 орындық кәсіби-техникалық мектепке, Азат, Өрікті, Ташкенсаз ауылдарындағы жаңа дәрігерлік амбулаториялардың құрылыстарына қажетті құжаттар дайындалды. Халыққа білім беру саласының 35 нысаны 1 млрд. 30 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Соның ішінде «Жол картасы» бойынша 8 нысан 370 млн. теңгеге жөнделіп отыр. Денсаулық сақтау саласының 12 нысанына 130 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.

Түрген, Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ, Төле би, Алмалы, Таутүрген, Маловодный, Ақши ауылдарын қамтитын «Түрген топтық» су желісінің құрылысы аяқталды.

8 ауылды қамтитын (Рахат, Қайназар, Өрікті, Бөлек, Әймен, Қарасай, Көктөбе, Қызылжар) Есік топтық су құбырының құрылысы үшін 563,3 млн. теңге бөлінді. Ал 2012 жылы 900 млн. теңге беру жоспарланып отыр.

Бұған қосымша 2008-2011 жылдары 8 елді мекендегі су жүйесін жаңалау мен салу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде 2011 жылы 337,5 млн. теңгеге Түргендегі 176,8 млн. теңгеге ауылішілік су құбырлары ауыстырылды.

«Жол картасы» бағдарламасы бойынша Есік қаласындағы канализация жүйесі жаңаланды.

Ақши, Қаракемер (2 кезек), Қаражота (2 кезек), Достық (2 кезек), Қызылшарық (2 кезек) ауылдарының су құбыры жүйесін жаңалауға қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.

Ақши, Азат, Көктөбе, Қорам ауылдарындағы су құбырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жол картасы» бойынша облыстық маңызы бар 6 автожолға орта жөндеу жұмыстары істеліп, жергілікті ауылішілік жолдарға түгелдей ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Есік қаласы мен 18 ауылдың (Шелек, Қызылшарық, Бөлек, Ават, Саймасай, Нұра, Талдыбұлақ, Балтабай, Қорам, Жанашар, Рахат, Ащыбұлақ, Қырбалтабай, Ақши, Жаңашар) орталық көшелері абаттандырылды.

18 ауылдың (Түрген, Маловодное, Бәйтерек, Тескенсу, Қаракемер, Қартұрық, Балтабай, Қырбалтабай, Шелек, Бөлек, Азат, Қайназар, Рахат, Өрікті, Көктөбе, Қызылжар, Ақши, Байсейіт) орталық көшелеріне жарық берілді. 5 ауылда (Толқын, Ащыбұлақ, Қайыпов, Қазақстан, Қызылшарық) электр жүйесі жаңаланды.

Есік қаласындағы мәдениет үйі, аудандық кітапхана, Шелек селосындағы кітапхана, балалар спорт мектебі, Есік пен Шелектегі 2 өлкетану мұражайы, Ават, Космос, Асысаға, Нұра, Шелектегі Мәдениет үйлері мен Шелектегі саз мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. Ақши ауылындағы Д. Шоқпаров атындағы халық өнері мұражайы жаңаланып, ашылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Есік тарихи – өлкелік мұражай-қорығы» салынды.
«Дипломмен-ауылға» бағдарламасы бойынша әлеуметтік саланың 117 маманына көтерме жәрдем беріліп, 13 маманға бюджеттік несие бөлінді.

Орташа айлық 2008 жылы 41520 теңгеден 2011 жылы 60000 теңгеге жеткізілді немесе 45 пайызға өсті.

Жұмыссыздық деңгейі 2008 жылдың басында 5,9 пайыздан 2011 жылы 5,1 пайызға кеміді.
Қадірлі ағайын!

Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар!

Тәуелсіз ел болу ол маңдайымызға жазылған бақыт деп санаймын. Тәуелсіз ел атандық, енді осы елдің тәуелсіздігін тұғырлы ету баршамыздың міндетіміз.

Ата – баба аңсаған егемендікті көру, оның болашағын баянды ету үшін халқымызға бірлік пен ынтымақ керек.

Әрдайым осы бірлігіміз берік болып, Тәуелсіз Отанымыз Қазақстан мәңгі құлпырып жайнасын дегім келеді. Біздің бір ғана Отанымыз бар ол-Тәуелсіз Қазақстан.




2011 жыл – қазіргі Қазақстан тарихындағы ерекше белес болып саналады. Биылғы жылдың 16 желтоқсанында біздің еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Егемен еліміздің бүгінгі жарқын жолы жиырма жыл бұрын белгісіздік белең алған бұлыңғыр күндерден бастау алды. Елбасы атап көрсеткендей, Қазақстанның ең басты байлығы да, игілігі де – оның тәуелсіздігі. Еркін өмір сүру құқығына қазақ халқы көп ғасырлар бойы азаттық күрес барысында көп қиындық көріп, қан мен тер төгіп, қол жеткізді. Осындай елең-алаң жағдайда бітімі бөлек қайраткерге ғана тән қайсарлық пен батылдықтың, саяси ерік –жігер мен өршілдіктің үлгісін көрсеткен Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.  Қадірлі ағайын!



Олай болса, Тәуелсіздік тұғыры биік болсын!
Ел бастаған Президентіміз аман болсын!
Бірлігі мығым халқымыз мәңгі болсын!

Рахмет!

Поделиться: , Facebook


Оставить свой комментарий


Комментирование этой статьи закрыто.